About Uwe Weddige

This author has not yet filled in any details.
So far Uwe Weddige has created 924 blog entries.
3 03, 2026

Бұзаулар: инфекция тізбегін қалай үзуге болады

2026-03-03T04:49:02+00:003. марта 2026|

Бұзауларды үйшікте немесе қорада ұстағанына қарамастан, патогенді микроорганизмдер барлық жерде кездеседі. Аурулардың алдын алуда қатаң гигиеналық талаптарды сақтау маңызды.

Бұзау өсірудегі үш маңызды аспектіні қарастырайық.

Төлдеу кезіндегі гигиена: төлдеу барысында көмек көрсетпес бұрын және бақылау тексерісін жүргізер алдында қолды міндетті түрде жуу қажет. Сонымен қатар қолданылатын құралдар мен тартқыш арқандар әрдайым таза, мүмкіндігінше стерильді болуы тиіс.

Ұстау орнының гигиенасы: бұзау даладағы үйшікте немесе қорадағы ағаш бокста ұсталса да, әр бұзаудан кейін орынын мұқият тазалау қажет. Аммиактың жиналмауы үшін және шыбындардың санын азайту үшін төсенішті кемінде әр 10 күн сайын ауыстырып отырған жөн. Үнемі таза сабан төсеу, суаттарды жүйелі түрде тексеріп тұру, сондай-ақ күн сайын жаңа ірі және құрама жем беру ұстау гигиенасын толық қамтамасыз етеді.

Уыздың ластануы: иммуноглобулиндердің мөлшерін анықтауға қарағанда, уыз құрамындағы микроорганизмдердің деңгейін нақты бағалау әлдеқайда күрделі. Сондықтан уызға ерекше мұқият қарау қажет. Антисанитарлық жағдайда иммуноглобулиндер патогенді микроорганизмдермен тез байланысып, бұзау ағзасына толық көлемде жетпей қалады. Сонымен қатар, микроорганизмдер бұзаудың ішегінде иммуноглобулиндердің сіңірілуіне кедергі келтіреді.

Аталған шаралардың барлығы микробиологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған. Гигиенаны жүйелі әрі дәйекті түрде ұйымдастыру арқылы ғана ауру деңгейін азайтып, ветеринариялық шығындарды қысқартуға болады.Бұзау қорасындағы гигиена және уызды пайдалану туралы толығырақ ақпаратты KFM жобасының «Бұзау қорасындағы гигиена» және «Уыз беру менеджменті» атты тегін жадынамалардан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM

27 02, 2026

Дәрі-дәрмектерді дұрыс сақтау және қолдану

2026-02-27T04:22:37+00:0027. февраля 2026|

Көптеген мал шаруашылықтарында алдын алу және емдеу мақсатында мал дәрігердің нұсқауына сәйкес дәрілік препараттар қолданылады.

Бұл құнды әрі қымбат өнімдерді әрдайым қажетті сақтықпен пайдаланып, тиісті жағдайда сақтау қажет:

  • салқын, құрғақ, жарықтан қорғалған және таза бөлмелерде сақтау ұсынылады;
  • дәрілік препараттарды тікелей мал қорасында сақтауға болмайды;
  • ветеринариялық препараттар бөгде тұлғалар қол жеткізе алмайтын жерде сақталуы тиіс.

Кейбір ветеринариялық препараттар, атап айтқанда вакциналардың көпшілігі мен кейбір антибиотиктер, тоңазытқышта 2–8 °C температурада сақталуы қажет. Қажетті сақтау температурасы препараттың қаптамасында көрсетіледі.

Сондай-ақ препаратты алғаш рет ашқаннан кейін оның жарамдылық мерзімін сақтау маңызды. Ашылған флакондардың жапсырмасында әрдайым ашылған күні көрсетілуі тиіс.

Дәрілік заттардың қолданушының терісіне, шырышты қабықтарына және тыныс алу жолдарына түсуіне жол бермеу қажет. Әсіресе тері арқылы организмге сіңуі мүмкін препараттарды қолдану кезінде аса сақтық танытқан жөн. Әдетте бір реттік қолғап пайдаланған дұрыс, ал ұнтақ түріндегі дәрілік заттармен жұмыс істегенде міндетті түрде респиратор кию қажет.

ЕСКЕРТУ: Мал иелері дәрілік заттарды қолдануды қадағалауды қамтамасыз ету және емдеу кезеңі ішінде емделген жануарлардың еті мен сүтінің сатылымға түспеуін қамтамасыз ету үшін барлық емдеу рәсімдерін жазбаша немесе цифрлық форматта тіркеуі тиіс.

KFM ұйымының «Дәрі-дәрмектерді дұрыс сақтау» атты тегін жадынамасында осы мәселе бойынша пайдалы ұсыныстар берілген.

 

 

24 02, 2026

Шприцтер мен канюляларды күтіп-ұстау

2026-02-24T08:02:37+00:0024. февраля 2026|

Әртүрлі вакциналарды егу мен басқа да дәрілік заттарды енгізу шаруашылық мамандарының күнделікті тәжірибесінің бір бөлігі болып табылады.

Жауапты ветеринариялық мамандар шприцтер мен канюляларды әр қолданғаннан кейін мұқият тазалауды ұсынады. Вакцинацияның сәтті болуы үшін барынша тазалық сақтау аса маңызды. Қанмен, басқа дәрілік заттардың немесе тазартқыш құралдардың қалдықтарымен ластанған, сондай-ақ жеткілікті деңгейде тазаланбаған шприцтер мен инелер жануарларға зиян келтіруі, вакцинация тиімділігін төмендетуі немесе инъекция орнында абсцесс пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Негізінен, жоғары сапалы шприцтерді тазалап, дезинфекциялап, қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болады. Қолданылмаған шприцтерді таза пластикалық пакетте немесе шаң мен ылғалдан қорғайтын, қақпағы бар контейнерде сақтау қажет.

Шприцтерді әр қолданғаннан кейін сыртынан да, ішкі бөліктерін де жұмсақ сабынды ерітінді қосылған ыстық сумен мұқият тазалау керек. Ол үшін шприцтердің көпшілігін бөлшектеуге болады. Қажет болған жағдайда щетка қолдануға болады.

Тазалау барысында шаң мен кір, сондай-ақ цилиндрде қалған вакцина қалдықтары толықтай жойылуы тиіс. Сабын қалдықтарын таза жылы сумен мұқият шайып, содан кейін барлық бөлшектердің толық кебуін қамтамасыз ету қажет.

Келесі рет қолданар алдында шприцтерді міндетті түрде дезинфекциялау қажет. Бұл мәселеге қатысты пайдалы кеңестер KFM-нің «Шприцтер мен канюляларды дұрыс тазалау және дезинфекциялау» атты жадынамасында келтірілген.

Уве Веддиге

Фото © Shutterstock

20 02, 2026

Bovaer фермерлердің алаңдаушылығын тудырады

2026-02-20T05:38:59+00:0020. февраля 2026|

Өндірушілердің мәліметінше, Bovaer азықтық қоспасы сиырлардың климатқа әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда Ұлыбритания, Дания және Норвегиядағы фермерлер мен тұтынушылар арасында бұл өнімге қатысты күмән сақталып отыр.

Зерттеулерге сәйкес, Bovaer қолданылған жағдайда оның қалдықтары сүтте де, етте де анықталмайды. Сонымен қатар месқарында түзілетін метан көлемі шамамен 30 пайызға азаяды. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бір сиырдың күнделікті рационына ширек шай қасық қоспа жеткілікті деп көрсетіледі. Соған қарамастан, Норвегиядағы ең ірі сүт кооперативі Bovaer пайдаланылатын фермалардан сүт қабылдаудан бас тартатынын мәлімдеді.

Данияда да соңғы апталарда бұл қоспа сынға ұшырады. Оны қолдану сиырлардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Соның салдарынан бірқатар даниялық сүт өндірушілер Bovaer-ден бас тартқан.

Еуропалық Одақта бұл жемшөп қоспасын пайдалануға үш жыл бұрын рұқсат берілгеніне қарамастан, әзірге оны сүт фермаларының аз бөлігі ғана қолданады. Бұған негізгі себептердің бірі — құны. Қоспаны пайдалану өндірілген сүттің әр литріне шамамен бір цент қосымша шығын әкеледі.

Норвегиялық сүт кооперативі парниктік газдар шығарындыларын азайту қажеттігін атап өтеді: «Bovaer — шығарындыларды қысқартудың бір құралы. Егер одан бас тартсақ, күш-жігерді басқа бағыттарға жұмылдырамыз: ірі азықтың сапасы мен қорытылуын арттыру, сұйық көңді пайдаланудың климатқа қауіпсіз тәсілдерін енгізу және сиырлардың денсаулығын жақсарту».

Зерттеушілер мен сүт саласының өкілдері Bovaer-дің қауіпсіздігі дәлелденгенін алға тартады. Дегенмен, сүт өндірісіне жаңа азықтық қоспаларды енгізу тұтынушылар тарапынан сенімсіздік тудыруы мүмкін. Өйткені сүт өнімі дәстүрлі түрде табиғилықпен, қауіпсіздікпен және сапамен байланыстырылып келеді, ал «азық-түлік қауіпсіздігі» ұғымы нақты деректермен қатар, тұтынушылардың эмоциялық қабылдауымен де астасып жатады.

Уве Веддиге

Фото: KFM

17 02, 2026

Бұзаулау аралығын ұзарту қажет пе?

2026-02-17T05:24:17+00:0017. февраля 2026|

Ондаған жылдар бойы қолданылып келген 305 күндік лактация және 60 күндік суалу кезеңі қағидасы бүгінгі күні де өз өзектілігін сақтай ма?

Нидерландтағы Вагенинген университеті мен ғылыми-зерттеу орталығының және Даниядағы Орхус университетінің зерттеушілері осы мәселеге балама жолдарды қарастырды. Төменде зерттеу нәтижелерінің қысқаша мазмұны ұсынылады.

Бұзаулау аралығы ұзарған жағдайда келесі артықшылықтар байқалады:

  • Лактация кезеңінің ұзаруы сиыр өміріндегі өтпелі кезеңдердің, яғни денсаулық үшін ең қауіпті кезеңдердің қысқаруына ықпал етеді.
  • Туылған бұзаулар санының азаюын бір жынысты шәуетті пайдалану және геномдық селекция әдістері арқылы өтеуге болады.
  • Ұрықтандыру алдындағы ерікті күту кезеңін ұзарту сиырдың көбею қабілетін жақсартуы мүмкін, себебі бұл уақыт аралығында оң энергетикалық тепе-теңдік қалпына келеді.
  • Лактация мерзімінің ұзаруы суалу кезеңіне, төлдеуге және ауруларды емдеуге байланысты жұмыс көлемін азайтады.

Екінші жағынан, лактацияның неғұрлым ұзақ мерзімдері жағымсыз салдарға да әкелуі мүмкін:

  • Әсіресе, лактацияның соңғы кезеңінде семіру қаупі бар. Бұл бұзаулағаннан кейін денсаулық пен көбею қабілеттілігігің нашарлауына әкелуі мүмкін.
  • Егер лактацияның ұзағырақ кезеңіне бірінші кезекте жоғары өнімді сиырларды таңдалса, онда дәл осы жануарлар аз ұрпақ береді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бүкіл табынның генетикалық прогрессіне әсер етуі мүмкін.

Екі зерттеуде де алғаш рет төлдеген сиырлардың төзімділігі ересек сиырларға қарағанда жоғары екені анықталды. Осыған байланысты лактация мерзімін ұзарту сүт өнімділігі мен экономикалық тиімділік тұрғысынан, әсіресе алғаш сүт беретін сиырлар үшін анағұрлым тиімді болып көрінеді.

Дегенмен, лактация кезеңін ұзарту белгілі бір мүмкіндіктермен қатар тәуекелдермен де байланысты. Оған көптеген факторлар әсер етеді, ал ықтимал салдары туралы деректер, әсіресе кейінгі лактациялар бойынша, әзірге жеткіліксіз. Болашақ зерттеулер нәтижесінде бұл мәселе жөнінде нақты әрі әмбебап ұсынымдар әзірленуі мүмкін.

Уве Веддиге

Фото © KFM

12 02, 2026

Зооноздар: фермерлерге қауіп

2026-02-12T04:25:46+00:0012. февраля 2026|

Бұзаулардағы диарея аурулары олардың дамуын, өнімділігін және өсімталдығын төмендетіп қана қоймайды, сонымен қатар адам үшін қауіпті, өйткені олар малдан адамға жұғатын, зооноздар деп аталатын ауру.

Атап айтқанда, ротавирустар, криптоспоридиялар және сальмонеллалар бұзауларда да, адамдарда да диарея және басқа ауруларды тудыруы мүмкін. Сонымен қатар кампилобактериялар мен иерсиниялар адамға зиянсыз емес, ал бұзаулар мен ірі қара малда көбінесе ауру тудырмайды немесе симптомсыз өтеді. Ішек таяқшасының ірі қара малдан жұғатын және адамда инфекция тудыратын әртүрлі штаммдары да солай.

Зооноздар қаупін азайту үшін қорадағы және жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі гигиена — ең маңызды талап! Қорадағы жұмыс құралдары мен жабдықтарды дезинфекциялау бұзаулардың ауруының алдын алуға қаншалықты маңызды болса, бұл талап жануарлармен тікелей немесе жанама байланыста болатын барлық қызметкерлерге де дәл сондай дәрежеде қатысты.Тазалау және дезинфекциялау шаралары арқылы мұқият гигиена сақтау, сондай-ақ бір реттік қолғап кию адамдарды да, жануарларды да қорғайды!

Толығырақ ақпаратты KFM жобасының «Зооноздардың алдын алу» тегін жадынамасынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото: © KFM

10 02, 2026

Жайлы жатқан сиыр — дені сау сиыр!

2026-02-11T05:40:08+00:0010. февраля 2026|

Еш кідірместен жата кететін сиырлар (жатын орны бар бокстарда) сіздің бокстарыңыздың дұрыс жобаланғанын көрсетеді.

Сиырлар тәулігіне 12 сағаттан артық жатуы керек. Бұл олардың денсаулығы мен өнімділігі үшін маңызды. Жатқан күйде аяқтары демалып, тұяқтары кеуіп, желіннің қан айналымы жақсы және күйіс қайыру уақыты ұзақ болады.

Егер мойын білеуі жылтырағанша тозса, бұл әрдайым дерлік оның тым төмен орнатылғанын көрсетеді. Бокстағы білеулердің қажалып жылтыраған жерлері сиырдың бас жағында орын жетпегендіктен бұрылып жатуға мәжбүр болғанын көрсетеді.

Табынның жүріс-тұрысы бокстардың өлшемдері қолайлы немесе қолайсыз екенін көрсетеді: көптеген жануарлар бокста алдыңғы аяқтарына тіреліп тұра бере ме немесе оларға ыңғайланып жату үшін уақыт керек пе? Көбінесе бұл көрініс төсеніштер тым қатты немесе бокстың тар екенін білдіреді.

Ыңғайлы жату үшін еден беті де жұмсақ болғаны маңызды. Буындардың ісінуі немесе жүні сыпырлуы жатқан жері тар немесе ыңғайсыз екенің көрсетеді. Көбінесе бұл сабан төселмеген резеңке төсеніштері бар биік бокстарда байқалады.

Жататын жер жайлылығын үнемі тексеріп отыру керек. Сиырлардың жүріс-тұрысы мен жабдықтың күйіне қарап, нені және қалай оңтайландыру керектігін түсунуге болады. Кез келген жақсарту шарасы сиырларыңыздың ұзағырақ жатуына және сау болуына жақсы әсер етеді, еңбегіңіз өтеледі.

Осы тақырып бойынша қосымша ақпаратты біздің «Сиыр бокстарының өлшемдері» атты тегін жадынамадан таба аласыздар

Уве Веддиге

Фото: © Бавария мал дәрігерлік қызметі

5 02, 2026

Резеңке қолғап кигеннен тері зақымдана ма?

2026-02-05T06:23:00+00:005. февраля 2026|

Сауу тренингтері барысында фермерлер бір реттік қолғаптарды қолдану кезінде пайда болатын тері проблемалары туралы жиі шағымданады. Ең көп кездесетін мәселелерге құрғақ және жарылған тері, қышу, сондай-ақ кутикулалардың жарылуы жатады. Бұл жағдай көбіне қолғаптың астында ылғал жиналып, соның салдарынан терінің қызарып, құрғап, тітіркенуінен туындайды.

Егер қолғаптың іші дымқылданып кетсе, оны уақытында ауыстырып отыру қажет. Теріге зақым келтірмеу үшін мамандар бір реттік қолғаптың астынан жұқа матадан жасалған қолғап киюді ұсынады. Сонымен қатар, қолғаптың дұрыс өлшемін таңдау да өте маңызды.

Біз теріге арнайы күтім жасауды ұсынамыз. Қолды жиі жуу, дезинфекциялау және қолғап кию терінің табиғи қорғаныш қабатын әлсіретіп, кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда бір реттік қолғаптың астына қорғаныш немесе күтім құралдарын жағу терлеудің күшеюіне және терінің ісінуіне әкелуі ықтимал.

Күтім құралдарының құрамында несепнәр (мочевина) немесе глицерин сияқты ылғалды сақтайтын заттар болуы тиіс, сондай-ақ мүмкіндігінше хош иіссіз болғаны жөн. Күнделікті жұмыс барысында тез сіңетін кремдерді қолдану ұсынылады, ал үй жағдайында теріні күту үшін құрамында майы бар, қоректендіретін құралдарды пайдаланған дұрыс.

Кремді жағу кезінде саусақтардың ұштарына, тырнақ айналасына және саусақтардың араларына ерекше назар аудару қажет.

Уве Веддиге

Фото © KFM

3 02, 2026

Бұзау қораларын жарықпен залалсыздандыру мүмкін бе?

2026-02-03T08:22:44+00:003. февраля 2026|

Қоршаған ортаның төмен температурасы дәстүрлі дезинфекциялау құралдарының әсерін әлсіретіп, олардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Осындай жағдайда ультракүлгін (УК) сәулені қолдану тиімді шешім болуы мүмкін.

Бұзаулардың өмірінің алғашқы күндерінде уызды жеткілікті мөлшерде берумен қатар гигиена да ерекше маңызды. Гигиена тек тазалыққа ғана емес, дезинфекцияға да байланысты. Алайда ауа температурасы 10 °C-тан төмен болған кезде көптеген дезинфекциялау құралдары күткендей нәтиже бермейді.

Осығын қатысты бірнеше зерттеу барысында Urban компаниясының EcoProtector UV-C құрылғысы сыналды. Бұл жаңа технология жылжымалы сүт таксиіне орнатылып, соның электр қуатымен жұмыс істейді.

Небәрі екі минут сәулелендіруден кейін микробтардың басым бөлігі жойылады. Тек ашытқылар мен кейбір саңырауқұлақтар ғана кемінде екі есе ұзақ сәулелендіруді талап етеді. Дезинфекцияның тиімділігі сәулелендіру қашықтығына, оның ұзақтығы мен қарқындылығына, сондай-ақ құрылғының өңделетін аймаққа қатысты дұрыс орналастырылуына тікелей байланысты.

Вайенштефан университетінің зерттеулері бұл әдістің практикалық пайдасын дәлелдеді. Эксперимент соңында, өмірінің 14-күніне қарай дәстүрлі дезинфекция қолданылған бақылау тобындағы бұзаулар орта есеппен 5,2 күн ауырған. Ал УК-C сәулесімен залалсыздандырылған эксперименттік топта бұл көрсеткіш әр бұзауға шаққанда бар болғаны 0,8 күнді құрады.

Сонымен қатар зерттеу барысында УК-C дезинфекциясына жұмсалатын уақыттың ауру бұзауларды күтуге кететін уақыттан едәуір аз екені анықталды. Ал емдеуге байланысты қосымша шығындарды есепке алғанда, шығындарды үнемдеу бір бұзауға шамамен 47 еуроны құрайды. Үйшіктерді суық күндері тиісті температаруда (10 °C-тан жоғары) зарасыздандыру мүмкін болмағанда EcoProtector UV-C құрылғысын қолдану арқылы гигиена деңгейін, демек бұзауларды ұстау жағдайын айтарлықтай жақсартуға болады.

УК-C сәулесі арқылы дезинфекциялау өте қарапайым. Құрылғыны залалсыздандырылатын үйшікке жеткізіп, іске қосу жеткілікті.

Уве Веддиге

Фото © Urban

11 12, 2025

Сиырдың сау болуы дұрыс азықтандыруға байланысты

2025-12-11T11:13:32+00:0011. декабря 2025|

Сиырлардың денсаулығына байланысты проблемалардың көбі негізінен азықтандыруға байланысты.

Суалту кезеңінің қалай жоспарланғанының өзінен ақ лактация қалай басталатынын білуге болады: шу түспеуі, ұлтабардың орнынан ығысуы немесе месқарын ацидозы сол кезеңге байланысты болады. Ойластырылған рацион мен азықтандыруды бақылау арқылы желіннің қабынуы мен тұяқ проблемаларының алдын алуға және сиырдың сауылатын кезіндегі денсаулығын, сондай-ақ суалту кезінде оңтайлы физикалық күйін қамтамасыз етуге болады.

Қорадағы барлық сиырлар біркелкі қоспаны теріп жемей тұтынса және оның сапасы үнемі мінсіз болса ғана месқарындағы рН өзгеруін мейлінше азайтуға болады.

Өнімділікке сәйкес дұрыс азықтандырудың арқасында сиырлардың иммундық жүйесі тұрақты болады және сиырлардың өнімділігі төмендемейді. Дұрыс  азықтандыру табынға «қорғаныс қолшатыры» сияқты әсер етеді және жылу стресін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Көптеген мақсатты көрсеткіштер мен практикада қолданатын шаралар ескірген және генетика мен басқарудың қазіргі заманғы деңгейіне сәйкес келмейді. Өз табыс көрсеткіштерін адал және мұқият анықтау арқылы және оларға сыни тұрғыдан қарау арқылы ғана дұрыс кәсіпкерлік шешім қабылдауға болады.

Уве Веддиге

Фото: © KFM

Go to Top