Швейцарияда жүргізілген жаңа зерттеу көрсеткендей, сауын сиырларды шаруашылықта ұзақ қолдану міндетті түрде жануарлардың денсаулығының нашарлауына немесе дәрі-дәрмектерді көбірек қолдануға апармайды.
Сауын сиырлардың қызмет ету мерзімі сүт өндірісінің тұрақтылығының шешуші факторы болып табылады. Сиыр фермада ұзақ болса, сүт өнімділігі арқылы берер кірісі көбірек болады, оны өсіру шығындары пайдалану мерзімі ұзақ немесе қысқа екеніне қарамастан бірдей екенін ескерсек. Дегенмен, жасы үлкен сиырлардың денсаулығына байланысты проблемалар болуы мүмкін және жиі емдеуді қажет етеді деген қорқыныш жиі кездеседі.
Зерттеу авторы Анна Бибердің айтуынша, ұзақ өмір сүретін сиырлары бар фермалардың өсімталдық көрсеткіші жоғары. Атап айтқанда, алғаш бұзаулаған құнажындарды көп мәрте ұрықтандыру қажет емес болған, ал төлдеу аралықтары қысқа болды. Сонымен қатар, сиырларды пайдалану мерзімі ұзағырақ фермаларда өсімталдық мәселелеріне қатысты емдеу шаралары көп қажет болмайды.
Пайдалану мерзімі ұзағырақ фермалардағы сиырларда соматикалық жасушалар саны қысқа мерзімді фермаларға қарағанда жоғары болды. Барлық фермаларда үлкен ауытқулармен соматикалық жасушалардың саны бір миллилитр сүтке 100.000 жасушадан аспады. Сонымен қатар, соматикалық жасушалар көрсеткіші жоғары болса да, антибиотикпен мастит ауруын емдеу жағдайлары айтарлықтай көбейген жоқ.
Зерттелген топтарда ақсақтық пен тұяқ денсаулығына қатысты ешқандай айырмашылық байқалмады. Медициналық емдеуге қатысты жағдай бірдей болды. Сауу протоколы және жылына тұяқ кесу жиілігі сияқты денсаулыққа байланысты өндірістік процестер де ұқсас болды.
Зерттеу нәтижелері ұзақ пайдалану мерзімі жануарлардың денсаулығына әсер етпейтінін көрсетеді. Анна Бибер:»ұзақ өмір сүретін сиырлар тұрақты дамуға ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар фермаға экономикалық пайда әкеледі», — деп атап өтті. Осы мақсатқа жету үшін ол фермаларға өсімталдықты арттыруға, сондай-ақ желін мен тұяқ денсаулығына ерекше назар аударуды ұсынады.
Уве Веддиге
Фото: © KFM